АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Адам экологиясы

Читайте также:
  1. Абай философиясы
  2. Жалпы микробиология
  3. І МОДУЛЬ: ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
  4. Салалар бойынша: терапия, гинекология, хирургия.
  5. Сілкіне алмас жапыра
  6. Сынып Жаратылыстану

Адам экологиясы – бұл адамның (ағза ретінде) мекен ету ортасымен өзара қарым-қатынасы. Экологиялық тұрғыдан адамзатты биологиялық түрдің жалпы әлемдік популяциясы ретінде, Жер экожүйесінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға болады. Адамның экологиялық туысы бүкіл Жер беті. Жер бетінде адам аяғы баспаған жер қалған жоқ. Барлық аралдар ашылды, барлық ыстық және мұзды шөлдер зерттеледі, барлық тау шыңдары бағындырылды. Адам ғарышқа ұшты.

Адам – Жер бетіндегі қазір белгілі болған үш миллион биологиялық түрлердің бірі.

Экологияның, физика, химия және биологияның негізгі заңдары адамға таралды, адамзат пен табиғаттың өзара байланысын олардың дағдарысқа және өзін-өзі құртуға ұшырауының алдын алу, табиғат пен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жер беті экожүйесінің бүтіндігін сақтау үшін жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Сөздік

мекен ету ортасы – среда обитания

қарым – қатынас – отношение

биологиялық түр – биологический вид

экожүйе – экосистема

қалған жоқ – не осталось

бүтіндік – целостность

дағдарыс – кризис

өзін-өзі құрту – самоуничтожение

қамтамасыз ету – обеспечить

алдын алу – предотвратить

тұрақты – устойчивое

ластану – загрязнение

азон қабаты – азоновый слой

Тапсырма

1. Мәтінді мәнерлеп оқып, не туралы айтылғанын қысқаша әңгімелеңіз.

2. Мына сөз тіркестерін аударып, септіктерін анықтаңыз. Адамның мекен ету ортасы, қоғамның дамуы, экожүйенің бүтіндігін, ғарышқа ұшты, жер бетінде, экологиялық тұрғыдан.

3. Төмендегі сөйлемдерді бұйрық мәнде жазыңыз: Адам экологиясы – бұл адамның (ағза ретінде) мекен ету ортасымен өзара қарым-қатынасы. Экологиялық тұрғыдан адамзатты биологиялық түрдің жалпы әлемдік популяциясы ретінде, Жер экожүйесінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға болады. Адамның экологиялық туысы бүкіл Жер беті. Жер бетінде адам аяғы баспаған жер қалған жоқ. Барлық аралдар ашылды, барлық ыстық және мұзды шөлдер зерттеледі, барлық тау шыңдары бағындырылды. Адам ғарышқа ұшты.

4. «Экологияны бұзатын не?» сұрағына шағын эссе жазыңыз.

2. Қазақстанның табиғи саябақтары мен қорықтары.Оларды қорғау.

Қорық

Қорық – бұл табиғат объектілерін қорғаудың ең жоғары формасы. Қорық аймағы шаруашылық айналымнан босатылып, онда кен өндіру мен құрылыс жұмыстарын жүргізу, аң – құс атып, балық аулау, шөп шабу мен мал жаю, ағаш дайындау сияқты нұқсан келтіретін әрекетке тиым салынған. Сонымен қатар қорық жеріне улы химикаттарды шашуға және басқа да жерлердің өсімдіктері мен хайуанаттарын жерсіндіруге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, қорық ұйымдастырылған жердің табиғаты, сол аймақтың ландшафты – географиялық белдеуінің үлгісі /эталоны/ ретінде қорғалуы қажет. Бұл жерлердегі экологиялық процестердің барлығы адам араласуынсыз табиғи жағдайда өтеді. Адам оның бақылаушысы, зерттеушісі ғана. Сол себепті де қорықтарды соңғы кезде ашық аспан астындағы нағыз “табиғат лабораториясы” деп те атап жүр. Өйткені мұнда ұзақ жылдар бойына табиғат комплекстерін табиғи жағдайда терең, ғылыми зерттеу, “табиғат жылнамаларын” жүргізу сияқты алуан түрлі жұмыстар жүзеге асырылады.

Қорықтарда тек саны азайып, жойылып бара жатқан хайуанаттар мен аса бағалы өсімдіктер ғана қамқорлыққа айналып қоймай, сонымен қатар өлкеміздің көрікті табиғат ландшафтылары, жалпы табиғат комплекстері сол қалпында сақталады.

Біздің республикамызда әр жылдары ұйымдастырылған 6 қорық бар. Олар: Ақсу-Жабағылы (1926), Алматы (1931), Наурызым (1934), Барса-Келмес (1939), Қорғалжын (1958) және Марқакөл (1976).

Қазақстан қорықтары республикамыздың табиғат байлықтарын қорғау ісіне орасан зор үлес қосып отыр.

Сөздік

қорық – заповедник

ең жоғары – самая высокая

аймақ – регион

шаруашылық айналым – хозяйственные угодья

аулау – ловить

мал жаю – пасти скот

улы – ядовитый

нұқсан – вред

белдеу – пояс, зона

табиғи жағдайда – в природных условиях

бір сөзбен айтқанда – одним словом

жылнама – ежегодник

сол қалпында сақталады – сохраняются в первозданном виде

Тапсырма

1. Мәтінді оқып, аударыңыз

2. Мәтінде не туралы айтылғанын әңгімелеп беріңіз

3. Мәтіндегі етістіктерді тауып, шақтарын анықтаңыз

4. Қазақстанның қорықтары туралы қысқаша мағлұмат дайындаңыз

 

Өлеңді мәнерлеп оқыңыз

Аң мен құстар тасалап,

Мекендейді орманды.

Соларға арнап жасаған

«Қорық» дейді сол маңды

 

Қорық іші тамаша,

Жұпар ауа, ақ бұлақ.

Ойнайды аңдар балаша,

Көк шалғынды шапқылап.

Бұзбайды әсте бірлігін,

Үкі, тиін, еліктер...

Жылатпайды бір-бірін,

Бәрі де дос серіктер!

(А. Егеубаев)

 

Марқакөл мемлекеттік қорығы

Марқакөл республикадағы ең жас қорық, 1976 жылы ұйымдасты.

Марқакөл Алтайдың Азу мен Күршім жоталарының аралығындағы терең ойпатты алып жатыр. Ол теңіз деңгейінен 1485 метр биіктікте орналасқан. Көлдің оңтүстік жағалауы жарқабатты, ал солтүстігі – аласа, жазықтау, ұзындығы – 38, ені – 19 шақырымға созылады.

Көлге айналасындағы тау жоталарының ірілі – ұсақты 28 өзен құйса, одан жалғыз ғана Қалжыр өзені ағып шығады. Көлдің тереңдігі 24 метр. Оның түбінде жәндіктер мен өсімдіктердің 160 – тан астам түрі тіршілік етеді.

Марқакөл көлінде балықтың негізгі 4 түрін айрықша атауға болады: майқан, хариус, теңге, талма.

Қорық аймағында алуан түрлі өсімдіктер дүниесі тарлған. Аң – құстар түрлері де өте көп кездеседі. Онда сүт қоректілердің 40, құстардың 200 – ден аса түрі мекен етеді.

Қорықтың көлемі 71359 гектар. Оның 3756 гектары тегіс орман, ал жайылым 21 мың гектардан артық. Аймағындағы табиғат комплекстерін ғылыми тұрғыдан тексеріп, оларды қаз – қалпында сақтап, қорын көбейту үшін қорық қызметкерлері үлкен жұмыс атқаруда. Қорықтың ғылым бөлімінде биолог, су мен орманды, жануарлар дүниесін зерттейтін мамандар бар.

Сөздік

ұйымдасты – организован

жота – хребет

жағалау – побережье

ағып шығады – вытекает

түбінде – на дне

теңге – пискарь

талма – голец

сүт қоректілер – млекопитающие

мекен ету – обитать

тегіс орман – сплошной лес

жайылым – пастбище, луг

қаз-қалпында – в первозданном виде

Тапсырма

1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.

2. Сұрақтарға жауап беріңіз.

а) Марқакөл қорығы қай жылы ұйымдасты?

ә) қорық қайда орналасқан?

б) қорықтың көлемі қанша?

в) қорықта қандай аңдар мен құстар мекендейді?

3. Мәтіннен сан есімдерді тауып, оларға сұрақтар қойыңыздар.

4. Сөйлемдерді аяқтаңыыз.

а) Марқакөл көлінде балықтың...

ә) Республикадағы ең жас қорық...

б) Марқакөл теңіз деңгейінен...

в) Көлдің оңтүстігі.., солтүстігі...

 

Өлеңді мәнерлеп оқыңыз

Алтайдың алтын жиек Марқакөлі,

Жерінде сұлылықтың жарты әлемі,

Қайыптан түсе қалған періште көл, -

Жат күздің сұқтанардай бар себебі.

Алтайдың алтын жиек Марқакөлі, -

Құмарым сенен қашан тарқап еді?..

Артыма қарай – қарай кеткенімше,

Қасында қорықшың боп қалсам еді. (Д. Қатбаев)

 

 

Оқыңыз, қызық.

Марқакөл жайындағы аңыз

Марқа деп қыста туған қозыны айтады. Ерте заманда Марқакөл көлінің орнында үлкен аңғар болған деседі. Шөптің неше түрі өсіп, жап-жасыл боп жайқалып тұрады екен. Ал аңғардың орта тұсында мөлдір бұлақ болыпты. Бірде жергілікті бір қойшы сол бұлақтың басында қой жайып жүреді. Қой ішінде жүні қап-қара әдемі бір марқа бар екен. Бастаудан су ішуге келген әлгі марқа кенет бұлақтың суына күмп беріп түсіп кетіпті.

Мұны қойшының баласынан басқа ешкім байқамай қалады. Баланың марқаны құтқармақ болған әрекетінен түк шықпайды. Су қайта тереңге қарай тарта түскендей болады. Бала әкесіне жүгіреді: «Әке, марқа суға кетті, батып бара жатыр». Екеулеп жүріп қозыны әрең сүйреп шығарады. Сол-ақ екен су бүкіл аңғарға жайыла бастайды. Қайнар бұлақ лықылдай ағыл-тегіл су басып, оның деңгейі тау баурайларына қарай бірте-бірте көтеріле береді. Сөйтіп көп ұзамай көл пайда болады.

Осындай оқиғаларға байланысты көл кейін Марқакөл атанып кетіпті.

Аңызды оқып, мазмұнын айтыңыз.

Шығыс Қазақстан облысы тамаша табиғат байлықтарымен танылған аймақтардың бірі. Бүкіл республика орманының 72 пайызы шоғырланған. Бұл өңірдің табиғат сұлулығы тіпті ерекше. Соның ішінде Алтай тауының баурайларында орналасқан облыс орталығынан бірнеше шақырым қашықтықта жатқан Катонқарағай ауданы өзінің табиғи сұлулығының нәтижесінде Шығыстың Швейцариясы атанғаны да жұртқа мәлім.

Өр Алтай жануарлар мен құстар әлеміне, ну орманға өте бай өңір. Балқарағай, қызылқарағай, самырсын, көксамырсын біздің жерде өседі. Ғалымдардың айтуына қарағанда балқарағай, қызылқарағай ағаштары 508 жыл өмір сүреді екен. Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген аңдардың екі түрі – тау барысы мен арқар осы өңірде ғана кездеседі. Мұнда табиғатта сирек кездеседін қызыл қасқырды, Алтай ұлары, бүркіт, қаршығаның бірнеше түрлерін көруге болады. Жалпы құстардың 280 түрі, жануарлардың 30 түрі кездеседі. Қазақстан ғалымдарының айтуынша, бұл өңірде 24 тарихи, 11 табиғи, 1 мәдени ескерткіштің әлемдік маңызы бар екен.

Тапсырма

1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.

2. Мәтінге ат қойыңыз.

3. Сұрақтарға жауап беріңіз

а) Шығыс Қазақстанда республика орманының неше пайызы шоғырланған?

ә) Неге Катонқарағай ауданы Шығыстың Швейцариясы атанған?

б) Катонқарағайда ағаштардың қандай түрлері өседі?

в) Қандай аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына еңген?

г) Шығыс Қазақстанда қандай қорықтар мен парктер бар? Солар туралы қысқаша мағлұмат дайындаңыз

Апта

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ РЕСУРСТАРЫ

1. Табиғи ресурстар. Су ресурсы. Қазба байлық ресурстары.Өтініш. тілек мәнді сөйлем.

Өсімдіктер әлемі

Біздің еліміз өсімдіктер дүниесіне өте бай. Қазақстанда өсетін өсімдіктердің көпшілігі халық шаруашылығына ертеден қолданып келеді. Көбінесе оларды тамақ, киім-кешек, дәрі, бояу, әтір және құрылыс материалдар т.б. шаруашылықтарға жиі пайдаланады.

Олар ауаны түрлі газ, шаң тозаңнан тазартады. Адам тіршілігі үшін өте қажетті оттегін бөліп шығарып, ауадағы зиянды көмірқышқыл газын сіңіру арқылы өсімдіктер адамзатқа қыруар пайда келтіреді. Сондықтан да, адам өсімдіктерді ертеден күтіп – баптаумен шұғылданып келеді. Адам ақылы мен еңбегінің барысында жабайы өсімдіктерден көптеген мәдени өсімдіктер шығады. Егіс даламыздағы бидай, күріш, жүгері, бұршақ, күнбағыс, қант қызылшасы, жоңышқа, т.б. бау – бақшамыздағы қауын, қарбыз, сәбіз, капуста, ал бақтарымыздағы алма, алмұрт, өрік, алхоры, шие, мәдени өсімдіктерге жатады. Жер шарында бес жүз мыңға тарта өсімдіктердің ішінде ағаштың 66 түрі (самырсын, майқарағай, шырша, қарағай, қайың, терек, емен т.б.), бұталардың 600 түрі (шетен, итмұрын, қарақат, тал, шілік т.б.) өседі. Жанға сая, дертке шипа болатын курорттар мен санаторийлер, демалыс үйлері мен лагерьлерді құлпыртып, сәнге бөлеп тұрған да ағаштар. Аң – құстардың, пайдалы жәндіктердің саялы және қоректік көзі өсімдіктер болып табылады. Жыл өткен сайын адамдар өсімдіктің жаңа түрлерін шығарып, оны тұрмыста кең қолдануда. Соған орай өсімдіктердің қажеттілігі барған сайын арта түсуде.

Сөздік

өсімдік – растение

бай – богатый

әлем – мир

дәрі – лекарство

бояу – краска

зиянды – вредный

ағаш – дерево

аң – зверь

жабайы – дикий

жаңа – новый

көрік беру – придать вид, красоту

пайда – польза

Тапсырма

1. Мәтінді мәнерлеп оқып, аударыңыз.

2. Мәтін бойынша 8 сұрақ құрастырыңыз.

3. Мәтіннен мына сөз тіркестерінің аудармасын табыңыз: - мир растений, в сельском хозяйстве, в основном, часто используют, широко используют в быту, из данных растений, культурные растения, на земном шаре, приносят огромную пользу, населенным пунктам, для жизни (существования) человека.

Оқыңыз, қызық

Құпиясы мол - өсімдіктер әлемі

Алып өсімдіктердің қатарына жататын бомбуктың кейбір түрлері күн сайын 91 см-ге дейін биіктеп өседі. Ал АҚШ-тың Вашингтон штатындағы орманда «Armillavia ostoyae» деп аталатын алып саңырауқұлақ өсіп тұр. Осынау ғажайып өсімдіктің бір өзі 600 гектар жерді алып жатыр.

Ғалымдардың айтуынша, оның жасы шамамен 500-1000 жыл аралығында деп есептеледі.

Мексика мен Американың Калифорния, Аризона штаттарында кездесетін әлемдегі ең үлкен кактус «алып цереус» өте ұзақ жасайды. Сондықтан ол алғашы 10 жылда небәрі 2 см-ге ғана өссе, 50 жылдан кейін барып гүлдейтін көрінеді. 200 жылдық ғұмырында 15 метрге дейін өседі.

Өсімдіктер әлемінің тағы бір жұмбағы – олардың қоректенуі. Солтүстік Америкада өсетін сарацения мен дарлингтония дейтін қауашақты гүлдер ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Гүл айрықша хош иістер шығарып, жәндіктерді өзіне жинап алады. Қауашақтың жапырақша қақпалары жабылып қалады. Міне, осылай «тұтқындалған» жәндіктер жемге айналады.

Непестес дейтін ең ірі «жыртқыш» өсімдік негізінен шыбын – шіркейлермен қоректенеді. Бұл ғажайып өсімдік 10 метрге дейін жететін ұзын сабақтарымен бақалардың өзін матап, орап алады да «жеп» қояды. Міне, өсімдіктердің өміріндегі кейбір қызықтар осындай.

Тапсырма

1. Мәтін бойынша сөздік құрастырыңыз, аударыңыз.

2. Сөз тіркестерін аударыңыз: өсімдіктер әлемі, 200 жылдық ғұмырында, ұзын сабақтарымен, кейбір қызықтар, ғалымдардың айтуынша, ғажайып өсімдік, алып саңырауқұлақ, бамбуктың кейбір түрлері.

Итмұрын (шиповник)

Итмұрын. Биіктігі 1,5-2 метрдей бұта тектес өсімдік. Бұтақтары қызыл – қоңыр түсті, сағасында ұштары имектеліп келетін тікенектері болады. Гүлдері ірі, ашық қызыл түсті. Жемісі ішінде бір ғана жаңғақша. Қазақстанда итмұрынның 21 түрі өседі. Соның ішінде инелі итмұрын, Беккер итмұрын, Шренк райханы, Павлов итмұрыны сияқты түрлері шипалық қасиеті бар бағалы өсімдіктер.

Дәрілік мақсат үшін итмұрынның жемістері тек күз айларында жиналып алынады. Бұл өсімдіктің құрамында С, Е, В тобының витаминдері, каротин, қант, малма заттар, лимон қышқылы, бояулы заттар, глюкозидтер бар.

Итмұрынның жемісінен жасалған дәрілердің өт айдайтын, қабынуға қарсы әсер ететін, асқазанның және ішектің қызметін жақсартатын қасиеттері бар. Осыған байланысты бұл өсімдіктен дайындалған дәрілер қан азайғанда, ұзаққа созылған жұқпалы аурулардан кейін организмнің күш қуаты кемігенде, бауырға және бүйрекке тас пайда болғанда, асқазан бездерінің қызметі нашарлағанда, сондай – ақ ұзақ жазылмайтын жараларды, сынықтарды емдеу үшін пайдаланылады.

Сөздік

биіктігі – высота

бұта – кустарник

тікенек – колючка

ірі – крупный

күш – қуаты кемігенде – при ослаблении

жаңғақша – орех

бояулы заттар – красящие вещества

өт айдайтын – желчегонный

ішектің қызметі – функция кишечника

сынық – перелом

асқазан бездері – лимфоузлы

Тапсырма

1. Мәтінді мәнерлеп оқып, не туралы айтылғанын қысқаша әңгімелеңіз.

2. Сын есімдерді тауып, оларға сұрақ қойыңыз.

 

2.Жануарлар мен өсімдіктер әлемі. Қызыл кітап.

Қазақстанның табиғи саябақтары, қорықтары, оларды қорғау

Дүние жүзінің әр түрлі елдерінде құрылған қорықтардың қорғау тәртібі, атқаратын қызметі мен негізгі бағыты әр түрлі. Сондықтан қорғауға алынған жерлерді қорықтар, қорықшалар, резерваттар, ұлттық парктер, табиғат ескерткіштері деп бөледі. Қазір дүние жүзінің 124 елінде 2600-ден артық ірі қорық бар екен. Олардың ішіндегі ең үлкені Гренландия ұлттық паркі. Оның жер көлемі 7 млн. гектар. Біздің республикамызда жалпы 784,1 мың гектар жерді алып жатқан 7 қорық бар. 50-дей аңшылық қорықша, 42 зоологиялық және 24 ботаникалық бақтар мен қорықша, 3 табиғат ескерткіштері бар.

Қорық – ерекше қорғауды қажет ететін тұқымы құрып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін табиғи күйінде сақтайтын жер. Мысалы, Барсакелмес қорығы – құланды, Қорғалжын қорығы – қоқиқазды, Үстірт қорығы – дала қойын, Алматы қорығы - Тянь-Шань шыршасын сақтап, көбейту мақсатында құрылған.

Көптеген ғалымдардың еңбектерінде VІ-VП ғасырларда қазақ жерінде ерекше қорғалатын жерлер болғанын жазады. Мысалы, В.В.Бартольд еңбектерінде "Жер жанаты - Жетісу" аталған мекенде өмір сүрген үйсін тайпалары шұрайлы, көк шалғынды, бау-бақшалы салқын жерлерді қорыққа айналдырып, ретсіз мал жаймағандығын, мезгілсіз аң ауламағандығын жазған. Бұдан бабаларымыз ерте кезде-ақ келешек ұрпақ үшін туған табиғаттың әсем жерлерін аялай білгенін байқаймыз.

Ал Ұлттық парктердің қорықтардан айырмасы бар. Ұлттық парктерде өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін әрі бағалы түрін сақтаумен қатар, адамдардың мәдени демалысын ұйымдастыратын, туризммен шұғылдануға мүмкіндік жасайтын орындар бар.

Қазақстанда алғаш рет ұлттық парк Баянауыл таулы орман алқабында ұйымдастырылды. Мұнда 40-қа тарта аңдардың, 50-ден аса құстардың түрлері қорғалады. Олардың көпшілігі "Қызыл кітапқа" енген.

Табиғат ескерткіштері деп сирек, құрып бара жатқан, желдің, судың әрекетінен мүжіліп, бұзылып жатқан ғылыми, тарихи және мәдени жағынан құнды табиғат обьектілерін айтады.

Табиғат ескерткіштерін қорғау – бұл жанды табиғатқа тән затты қорғау деген сөз. Табиғат ескерткіштері дүние жүзінің көптеген елдерінде бар. Қазақстанда қазір 24 табиғат ескерткіші бар. Олардың ішіндегі аса маңыздыларына "Жетісу маржаны", "Шың түрген" шыршасы, Павлодардағы "Жыл құстары" табиғат ескерткіштерін жатқызуға болады.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыздар.

2. Мәтінге жоспар құрыңыздар.

3. Мәтінді тақырыпшаларға бөліңіздер.

1. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Қандай жерлер ерекше қорғауға жатады?

2. "Қорықтың" қандай айырмашылығы бар?

3. "Ұлттық парк" дегеніміз не?

4. "Табиғат ескерткіштері" дегеніміз не?

5. Өздеріңіз тұратын жерлерде қандай саябақтар мен қорықтар бар?

2. Мәтінен шылауларды табыңдар. Шылаулардың мағыналық ерекшеліктері мен қызметін ауызша айтыңыз.

3. Сөйлемді толықтырыңыз.

1. Қорғауға алынған жерлерді …

2. Біздің республикамызда …

3. Қорық - ерекше қорғауды қажет ететін …

4. В.В.Бартольд еңбектерінде "Жер жанаты – Жетісу" аталған мекенде өмір сүрген үйсін тайпалары …

5. Табиғат ескерткіштерін қорғау …

4. Алматы қаласында "Ағашты күту", "Бақ өсіруде" қандай іс-шаралар жасалынып жатыр?

5. Баспасөз беттеріне әртүрлі ұйымдар, мемлекеттік органдардың табиғатты қорғауға байланысты қабылдаған қаулылары туралы мәліметтерді жазып, әңгімелеңіз.

6. Мына сұрақтарды пайдаланып, сұхбат құрыңыз.

1. Айналаңызды, қоршаған ортаңызды қалай қорғайсыз?

2. Құстар мен аңдардың қандай пайдасы бар? Мінездеме беріңіз.

3. Хайуанаттардың қанша жасайтыны туралы не білесіздер?

4. Олардың өмір сүру ортасы туралы әңгімелеп беріңіздер.

5. Құстарға және аңдарға қандай қамқорлық жасадаңыздар?

6. Жан-жануарлар, құстар туралы қандай ертегі, аңыз-әңгіме білесіздер?

 

Төмендегі мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп, жаттап алыңыз.

Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын.

Ер - елдің көркі,

Орман-тоғай - жердің көркі.

Бір тал кессең, он тал ек.

Бағбан болсаң - бақ өсір,

Балама деп тағы өсір.

 

Дала көркі - мал,

Өзен көркі - тал.

Орман - ел дәулеті, жер сәулеті.

Тыңдайық!

Мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап беріңіз.

1.Әңгіме қандай бақ туралы болып отыр?

2. Бұл бақ қашан құрылған?

3. Алматының қай бөлігінде орналасқан?

4.Онда қандай өсімдіктер өседі?

5.Сіз бақ өсіресіз бе?

6.Бағбан нені білуі керек?

7.Қандай өсімдіктерді көбірек өсіресіз?

Қызыл кітап

Бұдан бірнеше жыл бұрын жер бетінен жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау керектігі ескеріліп, Халықаралық «Қызыл кітап» және СССР – дің «Қызыл кітабы» шығарылды. Оған сәйкес Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысымен 1978 жылы республика жерін мекендейтін жануарлардың 87 түрін қорғау жөнінде жазылған Қазақ ССр «Қызыл кітабының» бірінші бөлімі жарық көрген. 1981 жылы «Қызыл кітаптың» екіінші бөлімі баспадан шықты. Онда бүгінде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан Қазақстан өсімдіктері туралы мәліметтер келтірілген.

Кітапта, біріншіден, СССР-дің «Қызыл кітабына» еңген өсімдіктердің 60 түрі, екіншіден, осы кітапқа енбей қалған, тек қана Қазақстанда өсетін эндемик өсімдіктер, үшіншіден, бұрын республикада кең тарағанмен, қазір жойылып бара жатқан өсімдік түрлеріне сипаттама берілген.

Олардың жалпы саны – 306, атап айтқанда мүктерден – 3, саңырауқұлақтардан – 10, папоротниктерден – 3, жабық тұқымдылардан – 287, жалаңаш тұқымдылардан – 2 түрі еңгізілген.

Сөздік

жойылып бара жатқан – исчезающие

қаулы – постановление

жарық көрген – вышел в свет

келтірілген – приведены

мәліметтер – данные, сведения

мекендеу – обитать

енген – вошли

тек қана – только

сипаттама – характеристика

жалпы саны – общая численность

жабық тұқымдылар – покрытосеменные

жалаңаш тұқымдылар – открытосеменные

мүк – мох

Тапсырма

1. Мәтінді мәнерлеп оқып, аударыңыз.

2. Мәтін бойынша 10 сұрақ құрастырыңыз.

3. Қызыл кітапқа Шығыс Қазақстан аймағында кездесетін қандай

аңдар мен құстар кіреді. Солар туралы әңгімелеп беріңіз.

 

Апта

.Туризм индустриясы. Шарт мәнді сөйлем.

Туризмнің даму тарихы

Туризм - қоғамдық, шаруашылық, кеңістік қатынас.

Туризм – туристік саяхаттар, сауда-саттық сапарлар өзінің мәнін жоғалтқанда басталды. Алғашқы діни саяхаттар б.э.д. төртінші мыңжылдықта жүргізілді. Ежелгі Египетте басталды. Б.э.д. 1501-1484 жылдары Египет ханшасы Хатшеспуттың ұйымдастыруымен Пунт деген теңіз аралына саяхат жасалды. Ал, б.э.д. VІ ғасырда египеттік Фараон Нехао Африка төңірегінде атақты үшжылдық саяхат құрған. Осы кезеңде көптеген саяхаттар болды.

Туризмнің алғашқы қадамдары ХVП-ХVШ ғасырларда басталды. Ең бірінші туристік саяхат Англияда пайда болған. Онда 1841 жылы Томас Кук 600 адамнан құрылған топты Лейстерден Лафбороға дейін апарып, темір жолмен саяхат жасаған.

1882 жылы ең алғашқы әлемдік "Куктың жер шарын айналған" саяхаты болды. Ол темір жол және пароход компанияларымен, қонақ үй және мейрамханалармен келісім құжат жасады. Томас Кук ең алғашқы болып туристік "тур" деген сөзді ашты. Ол бірінші болып туристік маркетинг пен менеджментке жол ашты. Сол үшін Кук бірінші туризм менеджері болып саналады.

Халықаралық курорттардың дамуы Германия, Швейцария, Франция, Италия, Чехия – мемлекеттерін халықаралық дәрежеге жеткізді. ХVШ ғасырдың аяғында басқа елдерге барып саяхат жасап жүрген адамдарды туристер деп атай бастады.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді мәнерлеп оқып, түсініңіздер.

2. Мәтінге жоспар құрыңыздар.

3. Мәтін бойынша сұхбат құрыңыздар.

4. Мәтіндегі сан есімдердің жазылуына мән беріңіздер.

4. Төмендегі сұрақтарға қатысты деректерді табыңыз.

1. Туризмнің алғашқы қадамдары қай ғасырда басталды?

2. Ең бірінші туристік саяхат қай жерде пайда болған?

3. 1841 жылы темір жол саяхатын жасаған кім, қай жерге?

4. Туризм менеджері атанған кім?

5. Сөйлемді жалғастырыңыз.

1882 жылы ең алғашқы әлемдік …. Біз туризмнің …. Б.э.д. VІ ғасырда египеттік …. ХVШ ғасырдың аяғында …. Туризмнен түсетін …. 1841 жылы Томас Кук …. Туризмнің алғашқы қадамдары ….

6. Сөздерді тиісті орнына қойыңыз.

1. Темір, Лафбороға, жасаған, саяхат, Лейстерден, дейін.

2. Хатшеспут, ханшасы,жасалды, Египет, саяхат, ұйымдастыруымен.

3. Ашты, туристік менеджмент, маркетинг, пен, бірінші, ол, болып.

4. Келісім, мейрамханалармен, құжат, қонақ үй, жасады, ол.

7."Әлемдегі туристік саяхатқа барғым келеді" өзіңіздің ойыңызды жазыңыз.

Қазақстандағы туризм

Біздің елімізде кейінгі жылдары туризм қалың бұқараны қамтитын демалыстың бір түріне айналып келеді. Нарықтық қатынасқа көшкен кезде туризм бизнестің тамаша көзіне айналып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бәрінде туризм жақсы дамыған. Туған өлкеге саяхат жасау адамдардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырады.

Соның ішінде "Интурист" қоғамының орны ерекше. Ол халықтардың бір-бірімен етене араласуына және мемлекетаралық байланыстардың нығаюына елеулі үлес қосып келеді. Сондай-ақ, шетелдерде туризм табыс табудың көзі, шаш-етектен пайда түсірудің ең тиімді жолдарының бірі, яғни ел экономикасының бір ықпалды бөлшегі болып табылатындығы белгілі болды. Қазір бірқатар мемлекеттерде туризмнен түсетін табыс ел экономикасының 20 пайызын құрайды екен. Ал бізде бұл көрсеткіш бір пайызға да жетпейтін көрінеді.

Алайда біздің республикамызда бір-бірімен бәсекелес туристік фирмалар қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Солардың ішінде 50 жылдай тарихы бар, өз ісіне қалыптасып қалған еліміздің қазынасына қажетті үлесін құйып жүрген "Яссауи" компаниясы. "Яссауидің" тарихына, өткеніне үңілер болсақ, ол әріден одақ кезіндегі "Интуристпен" байланысты бастады. Ол 1955 жылдың аяғына қарай ашылған болатын. Осы уақыттан бері шетелдіктер Қазақстанның тарихи мекендерімен, ескерткіштерімен, табиғаты тамаша жерлерімен жақын таныса бастады. Жыл сайын мыңдаған турист Қожа Ахмет Яссауи, Айша-Бибі, Қарахан кесенелерін, Павлодар-Сабындыкөл, Жасыбай көлдерін, Қарқаралының сұлу табиғатын, Шығыс Қазақстандағы Марқакөлді аралап үлгереді. Алматы қаласы өзінің ең алғашқы шетелдік туристерін 1956 жылы қабылдаса, 1974 жылы бұл сан 8 мыңнан асып үлгерді. 1974 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанынан шетелдік туризм жөніндегі басқарма құрылды. Қазақстанның табиғи байлығының молдығы, әсем табиғаты шетелдік туристерді қызықтырып, оларға үлкен әсер етті.

1981 жылы Интуристке - "Отырар" қонақ үйі пайдалануға берілді. Бұл оқиға туристік қарым-қатынастардың одан әрі ұлғая беруіне себепші болды. Шетелдіктердің Қазақстанға көп келген кезі 1985-86 жылдар аралығы болатын. Онда Польша, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания елдерінен 42 мыңдай турист келген еді. 1992 жылы Республикамызда "Туризм туралы" Заң қабылданды. Осы заң бойынша туризм экономикамыздың жоғары табысты саласына айналуы тиіс болатын. Міне, сол кездері республикамызда жүздеген туристік фирма мен компаниялар құрыла бастады. Олардың ішінде ең алдыңғы қатарда "Интурист-Қазақстан" болды, ол Қазақстандағы тұңғыш рет чартерлік әуе рейстерін ұйымдастырды. Қытайға баратын туристік пойыздың жүруіне ықпал етті, бұл жылы компанияның көмегімен шетелдерге шыққан туристердің саны 15,4 мың адамға жетті.

1994 жылы 12 мамырда "Интурист Қазақстан негізінде туризм жөніндегі "Яссауи" мемлекеттік акционерлік компаниясы дүниеге келіп, туризм әлеміне еркін есік ашты. "Яссауи" компаниясы туризм жөнінен Түркия, БАО, Қытай, Пәкістан, АҚШ, Германия, Жапония секілді ірі мемлекеттердің туристік фирмаларымен іскерлік байланыстар орнатып үлгерді. Компанияның тағы бір жетістігі, ол халықаралық "Еуразия" туристік ассосациясына мүше болып енді. Жалпы алғанда – табиғаты бай, дәстүрі берік, сән-салтанаты мол қазақтың жері, Қазақстан топырағы әлі талай туристердің жаңа дүние ашуына көмектесері даусыз. Адал ниетпен, таза пейілмен келген адамға қашанда есік айқара ашық, татар дәм де дайын. Бұл – Қазақстан туризмінің басты ұстанар қағидасы, басты мұраты деуге болады.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді мәнерлеп оқып, түсініңіздер.

2. Мәтінге жоспар құрыңыздар.

3. Өздеріңіз білетін туризм туралы мәліметтерді айтыңыздар.

4. Қазақстандағы туризм ошағы болатын көрікті жерді атаңыздар.

3.Сұрақтарға толық жауап беріңіз.

1. Алматыда қандай туристік компаниялар бар?

2. Егер өздеріңіз сондай компанияларда жұмыс істесеңіздер, ең әуелі қандай шараларды жүзеге асырар едіңіздер?

3. Алматы маңында қай жерге шаңғы спорт комплексін салуға болады?

4. Бурабай, Көлсай, Шарын, Үстірт, Алакөл, Қаба, Марқакөл, Қарқаралы туризм аймағына айнала ала ма?

5. Елбасының жолдауында туризмді дамыту туралы не айтылады?

4. Мәтін құрамындағы сан есімдерге толық талдау жасаңыз. Яғни құрамына, мағынасына, сұрағына, атқаратын қызметіне қарай табыңыз.

5. Сөйлемдерден сан есімдерді тіркескен сөзімен бірге теріп алып, сөзбен жазыңыз.

Қазір бірқатар мемлекеттерде туризмнен түсетін табыс ел экономикасының 20 пайызын құрайды. Ол 1955 жылдың аяғына қарай ашылған болатын. Алматы қаласы өзінің ең алғашқы шетелдік туристерін 1956 жылы қабылдаса, 1974 жылы бұл сан 8 мыңнан асып үлгерді. 1981 жылы Интуристке - "Отырар" қонақ үйі пайдалануға берілді. Шетелдіктердің Қазақстанға көп келген кезі 1985-86 жылдар аралығы болатын. Онда Польша, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания елдерінен 42 мыңдай турист келген еді.

6. Қазақстанға шетелден досыңыз (туысыңыз, танысыңыз) келді, қайда апарар едіңіз?

7. Алматыға ауылдан досыңыз келді, саяхатты неден бастайсыз? Сұхбат құрастырыңыз.

8. Мына сұрақтардың жауаптарын жазыңыз.

1. 1955 жылы Қазақстанда қандай туристік компания құрылды?

2. Туризм туралы Заң қай жылы қабылданды?

3. Туристер Алматы қаласына қай жылдан келе бастады?

4. Тарихи мекендер мен ескерткіштер қай жерлерде орналасқан?

5. Туризмге шыққанда өзіңді қалай ұстауың керек?

6. Өздерің тұрған жерде табиғаттың қандай әсем жері бар?

1. Қазақстан туризмінің болашағы туралы сұхбат құрыңыздар?

Тыңдайық!

10. Мәтінді тыңдап, өз пікіріңізді қосыңыз.

11. Статистика ұйымдарының көрсеткіштері бойынша Қазақстанға келген туристер мен экскурсанттарға қызмет көрсету туралы мәлімет жинап, одан түсетін пайда көлемін есептеңіз?

12. Төмендегі кестені толтырыңыз.

  Туристер мен экскурсанттарға қызмет көрсетілді
2000-2003 2004-2006
Адам саны жалпы көлемдегі бөлігі % адам саны Жалпы көлемдегі бөлігі %
Кіру туризмі        
Шығу туризмі        
Ішкі туризм        
Барлығы        

 

2. Қонақ үй бизнесі.

Қазіргі таңда қонақ үй бизнесі әлемде пайдалы бизнестің біріне айналды. Ол өзімен қоса туризмді дамытады. Ал туризм болса, әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымның салааралық кешені ретінде әлемдік экономикада басты рөлге ие, әлемдік ұлттық өнімнің 1/10 бөлігін қамтамасыз етеді. Сондықтан да алдағы кезеңде оның ең маңызды факторына айналмақ.

Халықаралық туризм халықтың жұмысбастылығына қатты әсер етеді. Қазіргі кезде әрбір 15-ші қызметкер әлемде қонақ үй бизнесінде жұмыс істейді. Туризм үлесіне әлемдік капиталдың шамамен 7%-ы, салық түсімдерінің 5%-ы, тұтынушы шығындарының 11%-ы келеді. Бұл көрсеткіштер, әрине туризм индустриясының, оның ішінде, әсіресе қонақ үй саласының жұмыс істеуіне тікелей экономикалық тиімділікпен сипатталынады.

Қонақ үйдің басты көзі – турист болғандықтан, қонақ үйде көрсетілетін қызметтердің сапасы әлемдік деңгейде әр түрлі болуы қажет. Тек сонда ғана қонақ үй саласы өркендеп, өз дамуын одан әрі жалғастырады.

Туризм – экономика салаларының ішіндегі қарқынды дамып келе жатқан, ірі қызмет көрсету салаларының бірі. Оның дамуының жоғары қарқындары мен валюталық түсімдердің үлкен көлемдері жеке туристік индустрияның қалыптасуына септігін тигізетін түрлі экономика секторларына белсенді ықпалын тигізеді.

Бұл жерде айта кету керек, қонақ үйлердің түрлі үлгілерімен берілген қонақжайлық индустриясы орналастыру орындары секторынан бастау алып, тарихи қалыптасқан. Классикалық түсінік тұрғысынан, қонақ үй деп жиһаздармен жабдықталған бөлмелері бар келушілерге арналған үйді атайды. Қазіргі жағдайда қонақ үй дегеніміз – азаматтарға, жеке туристерге және ұйымдасқан топтарға қонақүйлік қызмет көрсету мекемесі.

Қазіргі қонақүйлік мекеме тұтынушыларға тек жатар орын мен тамақтандыру қызметтерін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар көлік, байланыс, ойын-сауық, экскурсиялық қызмет, медициналық, спорттық, сұлулық салондары қызметі мен т.б. қызмет түрлерін көрсете алады. Шындығында, қонақ үй мекемелері туризм мен қонақжайлық индустриясы құрылымының басты функцияларын орындауда, себебі, олар тұтынушыларға дайындалған құрама қонақүйлік өнімді ұсынады, бұл өнімді дайындап, алға жылжытуда туризм мен қонақжайлық индустриясының барлық элементтері мен бөлімшелері қатысады. Осыған байланысты, қонақ үй индустриясын немесе қонақ үй бизнесін туризм мен қонақжайлық индустриясының ең ірі құрама бөлігі ретінде қарастырған жөн.

Қонақжайлық – бұл келушілерді кішіпейілділікпен күтіп алу мен сыйлау, кезбелерді ақысыз қабылдау мен тамақтандыру немесе бір сөзбен айтқанда, кезбеқабылдау. Қонақжай болу дегеніміз – келушілерге жылы қабылдау ұсынып, олар үшін тыныш, қолайлы және жылы шырайлы жағдай ұсына білу.

Қонақжайлық – адам өркениетіндегі негізгі ұғымдардың бірі, ол қазіргі кезде ғылыми-техникалық үрдістің ықпал етуімен адам атаулыға жайлы жағдай мен комфорт жасаумен айналысатын миллиондаған кәсіпқойлар еңбек етіп жүрген әлуетті индустрияға айналды.

Қонақжайлық индустриясы адамдар қызметінің түрлі кәсіпқой аяларын біріктіреді, атап айтқанда: туризм, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, көпшілік тамақтануы, демалыс пен ойын-сауық, конференция, семинар мен түрлі көрмелерді ұйымдастыру, спорттық, мұражайлық-көрмелік, экскурсиялық қызмет, сонымен қатар қонақжайлық саласына қатысты кәсіпқой білім беру аясы. Қонақжайлық индустриясы – күш-жігері қонақтардың, олардың ішінде туристер де, жергілікті тұрғындар да бар, түрлі қажеттіліктерін орындауға бағытталған адамдардың кәсіби қызметінің күрделі, құрама аясы.

Соңғы жылдары қонақ үй нарығы орналастыру қызметіне ұсыныстың өсуі мен сұраныстың азаюымен сипатталады. Мұндай жағдай ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап қонақ үй басшыларының онсыз да мазасын алып жүрген бәсекелестіктің күшейуіне әкелетіні мәлім. Қонақ үй бизнесіндегі стратегиялық бәсекелестіктегі артықшылықтарды қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі болып өзінің бәсекелестеріне қарағанда неғұрлым жоғары сапалы қызмет көрсету болып табылады. Бұл жерде мақсатты клиенттерге, олардың күткенінен әлдеқайда асып түсетін, қызмет көрсету басты бағыт болып тұр. Осыған сүйеніп, тұтынушы әуелі қызмет көрсетушіні таңдайды, сонан соң олардың ұсынған қызметін өздерінің күткендерімен салыстырады. Егер де көрсетілген қызмет олардың күткенімен сәйкес келмесе, клиент қызмет көрсету фирмасына бар ынтасын жояды, ал егер де сәйкес келсе немесе олардың күткендерінен асып түссе, олар бұл қызмет көрсетушіге болашақта тағы келуі мүмкін. Сол себепті, қызмет көрсетуші өзінің мақсатты клиенттерінің талаптары мен ойларын мүмкіндігінше дәл айқындай алуы қажет.

Сапаны талдау саласында жүргізіліп отырған зерттеу жұмысымыздың өзектілігі бүгінгі нарықтық қатынастарға көшу жағдайында ең үздік басқарушылық шешімдерді іздеу мен қонақжайлық аясындағы басқару ісін жетілдірудің қажеттілігімен түсіндіріледі. Қонақ үй қызметінің сапасын талдау тәсілдерін қарастыру қызмет көрсету мен қонақ үй қызметін жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады. Нарық қатынастарының дамуы жаңа мақсаттарды тудырады, ал бұл басқару ісін әбден жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде қонақ үй басшылары әрқашан қызмет сапасымен басқаруды жақсартып, оның кеңеюіне, ғимараттарды қайта құруға, жаңа технологияларды ендіруге және т.б. аса көңіл бөліп отыруы тиіс.

Тапсырма:

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Сұрақтар бойынша өз пікіріңізді білдіріңіз:

А) Қазіргі заманда қонақ үй бизнесі пайдалы ма?

Б) Қазіргі заманда әлемде қонақ үй бизнесінде қанша қызметші жұмыс істейді?

В) Қонақ үйдің басты көзі кім?

Г) Қонақжайлық – деген не?

Д) Қонақ үйде қызмет көрсету сапасын талдау қажет пе? Ол не үшін керек?

3.Төмендегі абзацтан шарт мәнді сөйлемдерді дәптерге көшіріп жазыңыз, түсіндіріңіз. (5 сөйлем).

Соңғы жылдары қонақ үй нарығы орналастыру қызметіне ұсыныстың өсуі мен сұраныстың азаюымен сипатталады. Мұндай жағдай ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап қонақ үй басшыларының онсыз да мазасын алып жүрген бәсекелестіктің күшейуіне әкелетіні мәлім. Қонақ үй бизнесіндегі стратегиялық бәсекелестіктегі артықшылықтарды қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі болып өзінің бәсекелестеріне қарағанда неғұрлым жоғары сапалы қызмет көрсету болып табылады. Бұл жерде мақсатты клиенттерге, олардың күткенінен әлдеқайда асып түсетін, қызмет көрсету басты бағыт болып тұр. Осыған сүйеніп, тұтынушы әуелі қызмет көрсетушіні таңдайды, сонан соң олардың ұсынған қызметін өздерінің күткендерімен салыстырады. Егер де көрсетілген қызмет олардың күткенімен сәйкес келмесе, клиент қызмет көрсету фирмасына бар ынтасын жояды, ал егер де сәйкес келсе немесе олардың күткендерінен асып түссе, олар бұл қызмет көрсетушіге болашақта тағы келуі мүмкін. Сол себепті, қызмет көрсетуші өзінің мақсатты клиенттерінің талаптары мен ойларын мүмкіндігінше дәл айқындай алуы қажет.

4. Берілген сөздердің синонимін табыңыздар: қызмет, жасау, әлем, заман, байлық, қолдану, таңдау, әуелі, күту, мәлім. ( қалауыңыз бойынша 5 сөйлем құрап жазыңыз).

3.Телефонмен сөйлесу.

Телефонмен сөйлесу әдебі

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.062 сек.)