АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Электрогастрография (ЭГГ)

Читайте также:
  1. Занятие 1.
  2. Пищеварение
  3. Ситуационные задачи
  4. Соотношение понятий «хронический гастрит» и «функциональная неязвенная диспепсия».

Электрогастрография - қарында пайда болатын электрлік потенциалдарды тіркеу әдісі. Бұл әдіс бойынша адамның құрсақ терісінің бетінде, қарынның үстіңгі жағында орналасқан электрод арқылы оның перистальтикалық ырғағына сәйкес келетін биотоктардың баяу (минутына 2-3 тербеліс) өзгерістерін тіркеуге болады. ЭГГ-ны жазу таңертеңгі астан (150 г ақ нан және бір кесе шай) кейін 20 мин өткеннен соң жасалады.

Жұмысты орындау: Электрогастрографты айнымалы тоқ торабына қосады да 15-20 мин қыздырады. Осы уақыт аралығында зерттелуші адамды дайындайды: оны кушеткаға жатқызып, электродтар қойылатын тері бетін (құрсақ және балтыр терісі) спиртпен сүртеді де, 10% NaСІ ерітіндісімен дымқылданған дәке тампондарын қояды. Белсенді электродты құрсақ терісінің жоғары бөлігінің ортасына, қарынның үстіне орналастырады. Индифферентті электродтар екі аяқтың балтыр терісінің үстіне қойылады (39-сурет).

Тері бетіндегі потенциал айырмашылығы электродтар арқылы тіркеліп, аспапта күшейтіледі (калибрлік сигнал 0,2 мВ - 10 мм қалам қозғалысына сәйкес), лента тартатын механизм іске қосылып, электрогастрограмманы жазу 1-2 сағат арасында жүргізіледі. Жазылып алынған гастрограмманы бағалауда потенциалдардың жиілігіне, ырғағына, амплитудасына көңіл аударылады. Дені сау адамның ас қорыту кезіндегі биопотенциалдарының амплитудасы 0,2 -ден 0,8 мВ дейін болады.

Негізінде үш түрлі электрогастрограмма толқындарын ажыратады:

- нормокинетикалық - амплитудасы 0,2 мВ шамасында;

- гиперкинетикалық - амплитудасы 0,3-0,4 мВ;

- гипокинетикалық - тісшелер амплитудасы 0,2 мВ төмен.

ЭГГ-лық әдіс қарапайым және қолайлы физиологиялық әдістердің бірі болып есептеледі. Ол қарынның ас қорыту кезіндегі перистальтикалық қозғалыс белсенділігін зерттеуге мүмкіндік береді.

 

5. Қоректік заттардың сіңу және ыдырау процестерін радиоизотоптар қолданып зерттеу әдістері.

Бұл әдістердің принципі радиоактивті заттарды ас қорыту жүйесіне енгізіп, сонан кейін қанның, несептің және нәжістің радиоактивтік деңгейін анықтауға негізделген.

а) Майдың ыдырауы мен сіңу процестерін зерттеу

Адамға ашқарында белсенділігі 20-25 мкКюри J-131 белгіленген 0,5 мл май ішкізеді, сонан кейін қан сарысуының, несептің және нәжістің радиоактивтік деңгейін өлшейді. Препаратты ішкеннен соң 2, 4, 6, 8 және 24 сағат өткесін веналық қан сарысуының жалпы радиоактивтігі мен липопротеиндік комплекстің радиоактивтігі анықталады. Сосын барып, несеп пен нәжістің құрамындағы изотоп мөлшері өлшенеді де, ол организмге енгізілген заттың шамасына %-тік қатынаспен белгіленеді.

Қалыпты жағдайда радиоактивті заттардың 48 сағат ішінде нәжіспен шығуы 0,5-1,4% арасында, ал 24 сағатта несептің радиоактивтігі 41-59% болады. Қанның ең жоғары радиоактивтігі 3-4 сағаттан кейін байқалады. Қан мен несептің радиоактивтігінің төмендеуі, ал нәжісте оның шамасының жоғарылауы, майлардың ыдырауы мен сіңуінің бұзылғандығын көрсетеді.

б) Қарынның сіңіру қызметін зерттеу. Адамға ашқарында 0,5 мл суда ерітілген 10 мкКюри J-131 ішкізеді. Осы изотоптың артериялық қандағы бастапқы мөлшері арнаулы сезгіш аспап арқылы анықталады. Қалқанша безде жинақталған изотоптың шамасы, оның үстіне сезгіш аспапты тигізіп пайда болған импульстердің саны бойынша есептеледі. Екі сезгіш аспап қолданып, изотоптың сіңу уақытына сәйкес келетін бастапқы импульстерді өлшеуге болады.

в) Тоқ ішектің сіңіру қабілетін зерттеу. Адамның тік ішегіне клизма көмегімен 10-20 мкКюри шамасындай радиоактивті J-131 енгізеді. Сосын 15 және 90 минуттан кейін адамнан қан алып, оның радиоактивтігін тексереді.

Қалыпты жағдайда тоқ ішектің кілегейлі қабығы арқылы сіңген изотоптың мөлшері 15 мин кейін 6%, ал 90 мин кейін 7% шамасында болады.

 

ОРГАНИЗМДЕГІ ЗАТТАР МЕН ЭНЕРГИЯНЫҢ АЛМАСУЫ

 

1. Энергия шығынын анықтау әдістері.

Организмдегі энергия шығындалуы туралы одан белгілі бір уақыт арасында шығарылатын жылу мөлшеріне қарай жеткілікті және дәл айтуға болады. SI - жүйесі бойынша жылу мен энергия мөлшерін өлшеу бірлігі - Джоуль (Дж) болып есептеледі. Бірақ медицинада бұл жүйеден тыс бірлік - калория (1 кал - 4,19 Дж) кеңінен қолданылады. Организмнен шығарылатын энергияның мөлшері екі түрлі әдіспен анықталады - тікелей және жанама калориметрия.

а) Тікелей калориметрия - организмнен шығарылатын жылуды тіркеуге негізделген арнайы камераларда - биокалориметрде жасалады. Адамға арналған алғашқы калориметрді В. В. Пашутин мен А. А. Лихачев (1883) құрастырып, өздерінің зерттеу жұмыстарында пайдаланған.

Биокалориметр сыртқы ортадан оқшауланған және жылу шығармайтын, ішінде түтіктер арқылы су айналатын тұйықталған камерадан тұрады. Камерада отырған адамнан (жануардан) бөлінетін жылу айналыстағы суды жылытады. Сондықтан организмнен шығарылатын жылу мөлшері су температурасының жоғарылау шамасын оның жылу сиымдылығына көбейту арқылы анықталады. Сонымен қатар камерадағы ауа құрамын талдау бойынша зерттелушінің организміндегі газдардың алмасуын анықтауға болады.

Тікелей калориметрия әдісімен жасалған тәжірибелер калориметрдегі энергия бөліну шамасы мен денедегі заттар алмасуынан түзілетін энергия шамасының тең екендігін көрсетеді және энергия шығынын зат алмасуды зерттеу арқылы дәл өлшеуге болатындығын дәлелдейді.

б) Жанама калориметрия - медициналық және физиологиялық зерттеулерде кеңінен таралған әдіс. Бұл белок, май, көмірсулар тотығуына жұмсалатын және организмдегі жылудың түзілу көрсеткіші болып саналатын оттегінің мөлшерін анықтауға негізделген. Оттегінің пайдалану шамасы мен түзілетін энергия арасындағы тәуелділік - оттегінің жылулық эквиваленті (ОЖЭ) деп аталады. ОЖЭ организмдегі тотығатын заттардың түрлеріне (бе-локтар, майлар, көмірсулар) байланысты ажыратылады да, сондықтан ол тыныстық коэффициентке (ТК) тәуелді болады. Ұзақ зерттеу жұмыстарында жанама калориметрия респираторлық камераларда жүргізіледі.

Қазіргі кезде камерасыз, ашық жанама калориметрия әдістері кеңінен таралған. Олардың көмегімен лабораториялық және клиникалық жағдайларда қысқа мерзімдік газ алмасуын анықтайды. Мұндай жағдайларда қолданылатын жүйелер үш түрлі болады.

Ашық жүйе әдісі бойынша зерттелуші адамның сыртқы орта ауасымен тыныс алып, тыныс шығару ауасы арнайы қапшыққа жиналады (Дуглас-Холдейн әдісі). Жартылай ашық жүйе әдісінде тыныс шығару ауасын алуға арналған аспап (респиратор) қолданылады,

Жабық жүйе әдісінде зерттелуші адамның әртүрлі спирограф аспабы бойынша тыныс алуы мен тыныс шығарылуы тіркеледі.

Организмде жұтылған оттегі мен шығарылған көмір қышқыл газының мөлшері толық және жартылай газды талдау әдістерімен анықталады.

Дені сау ересек адамның негізгі алмасу кезіндегі (таңертең, төсектен тұрмай, ашқарында, физикалық және психикалық тыныштықта, температуралық комфорт жағдайда18-22°С) ең төменгі энергиялық шығыны, бір тәулік ішінде, орташа шамамен 1700 ккал (7100 кДж) болады. Белсенді жұмыс атқарғанда энергия шығыны негізгі алмасудан 7-8 есе жоғарылайды. Организмдегі энергияның шығындалуын зерттеу жұмыстары еңбек физиологиясында, спорт медицинасында және клиникалық практикада қолданылады.

Жанама калориметрияға газдарды толық және жартылай талдау әдістері де жатады. Мұнда организмнен бөлінетін энергияның мөлшері, жұтылатын оттегінің көлемін зерттеу негізінде, яғни оның жылулық эквивалентінің тыныстық коэффициентке (ТК) тәуелділігін ескере отырып анықталады.

в) Газдарды толық талдау әдісі арнайы аспаптар көмегімен организмде жұтылған 02 мен шығарылған СО2 көлемдерін белгілі уақыт аралығында анықтауға негізделген. Бұл ТК-тің шамасын организмнен шығарылған СО2 -нің жұтылған О2 -не қатынасы бойынша есептейді. Сонан кейін арнаулы таблица бойынша, әрбір ТК-ке сәйкес ОЖЭ-тін тауып, белгіленген уақыт ішіндегі жұмсалатын энергияның мөлшері анықталады.

Тыныстық коэффициент (ТК) - организмнен белгілі мерзімде шығарылған СО2 көлемінің жұтылған О2 -нің көлеміне қатынасы. Қалыпты жағдайда жай тыныс кезінде организмнен 1 минутта 250 мл СО2 шығарылады да, 200-300 мл О2 жұтылады.

ТК-тің шамасы тамақтану түріне тәуелді: көмірсулар тотыққанда - 1; майлар - 0,7; белоктар - 0,8; аралас тамақтануда - 0,85-0,9 тең болады.

Тыныштықта немесе жүктеме кезіндегі жұмсалатын энергияны Дуглас-Холдейн әдісімен де анықтауға болады. Мұнда тыныс шығару ауасы Дуглас қабына жиналып, оның құрамындағы газдарды талдау Холдейн газталдағышымен жасалады, ал тыныстың минуттық көлемі (ТМК) газ есептегіш көмегімен өлшенеді.

г) Газдарды жартылай талдау әдісі - белгілі уақыт ішінде жұтылған О2 -нің мөлшеріне сәйкес жұмсалған энергияны анықтауға негізделген. Организмде жұтылған О2 -нің мөлшерін тіркеу үшін әртүрлі аспаптар қолданылады: спирометаболограф, Крог аппараты жөне т. б. Тәжірибеде анықталған О2 -нің мөлшеріне сәйкес ОЖЭ- нің шамасы орташа ТК-ке (0,85) сай алынады да, тәуліктегі энергия шығынын есептеп шығаруға болады.

д) Энергиялық шығынды жабық камерада анықтау әдісі

(М. Н. Шатерников).

Бұл әдіс адам отырған жабық камераның ауасындағы О2 мен СО2 -нің көлемдерін анықтауға негізделген. Камера аумағы үлкен болғандықтан адам организміндегі газдардың алмасуын ұзақ уақыт зерттеуге мүмкіндік болады. Тұйықталған камерадағы ауа құрамының өзгерісін зерттеу үшін тәжірибенің бастапқы кезіндегі және соңындағы ауаның көлемі өлшенеді де, жұтылған О2 мен шығарылған СО2 шамалары анықталады. Сонан кейін (аралас тамақтанудағы) ТК-ке сәйкес болатын 1л ОЖЭ-ін қолданып, организмнен шығатын энергияның мөлшерін есептеп шығарады.

2. Негізгі алмасуды анықтау әдістері.

Негізгі алмасу (НА) - организмнің тіршілігін сақтауға жұмсалатын төменгі деңгейлі (минималды) энергия шығыны. Оны таңертең, ұйқыдан оянғаннан соң, төсектен тұрмай, ашқарында, толық тыныштық (физикалық және психикалық) жағдайда және орта температурасы 18-22°С анықтайды.

НА-дың шамасы жынысқа, жасқа, бой ұзындығына және дене салмағына тәуелді болады.

а) Негізгі алмасуды газды жартылай талдау әдісімен (спирограмма бойынша) анықтау.

Бұл әдіспен НА-ды анықтау үшін адамның спирограммасын жазып алады да, оның өрлеу қисығы бойынша 1 минутта жұтылған О2 -нің мөлшерін анықтайды (40-сурет). Сонан кейін бір тәуліктегі пайдаланылған О2 -нің көлемін есептеп шығарады да, оны ОЖЭ-не көбейтеді. Бұл көрсеткіш негізгі алмасу кезінде 4,8 ккал тең болады. Анықталған НА-дың шамасын қалыпты жағдайға сәйкестігін тексеру керек. Ол үшін арнаулы таблицалар (жынысы, жасы, бой ұзындығы және дене салмағы ескерілген) бойынша анықталған НА-мен салыстырады. Сонда анықталған көрсеткіш тиесілі көрсеткіштен ауытқуы 10%-тен аспауы керек.

б) Негізгі алмасуды Гаррис-Бенедикт таблицасы мен формуласы бойынша анықтау.

Бұл таблица ер адамдар мен әйелдерге жеке құрастырылған және әрқайсысы А мен Б деген екі бөлімнен тұрады. Таблицаның А - бөлімін қолданып, адамның жынысы мен дене салмағына сәйкес алғашқы санды табады. Сонан кейін Б бөлімі бойынша адамның бойы мен жасына сәйкес екінші санды анықтайды. Осы екі санның қосындысы тәулік ішіндегі адамның негізгі алмасу шамасын көрсетеді.

Формула бойынша НА-ды есептеу:

Ер адамдар: (66,5 + 13,8 х С) + (5,0 х Ұ - 6,8 х Ж) =

Әйелдер: (65,51 + 9,6 х С) + (1,8 х Ұ - 4,7 х Ж) =

Мұнда, С-салмағы, кг; Ұ-бой ұзындығы, см; Ж-жасы.

Осы көрсетілген таблица және формулалар бойынша бірнеше адамдардың НА-ын анықтап, өзара салыстыру керек.

в) Негізгі алмасуды Рид формуласы мен номограмма бойынша анықтау.

Рид формуласы пульстік қысым (ПҚ), пульс жиілігі (ПЖ) және организмдегі жылу түзілу арасындағы өзара байланыстарға негізделген. Сондықтан оны қолданып НА-дың қалыпты көрсеткіштен % -тік ауытқуын (өзгерісін) есептеуге болады.

НА = 0,75 х (ПЖ + ПҚ х 0,74) - 72 =

Мұнда, ПЖ - пульс жиілігі; ПҚ - пульстік қысым, мм.с.б. Практика жүзінде НА-дың калыпты көрсеткіштен %-тік ауытқуын анықтау үшін арнаулы номограмманы пайдаланады. Бұл номограммадағы ПЖ мен ПҚ сандарын сызғышпен қосқанда олардың ортасында орналасқан негізгі алмасу саны бойынша, оның % -тік өзгерісін жеңіл табуға болады. Сонда 10 %-ке дейінгі ауытқу қалыпты болып саналады.

з) Негізгі алмасуды дене бетінің аумағы бойынша анықтау.

Зерттелушінің дене салмағы мен бойының ұзындығы бойынша номограммадан оның дене бетінің көлемі анықталады (41-сурет). Сонан кейін жынысы мен жасына сәйкес арнаулы кестеден К-санын табады (11-кесте).

11-кесте

  Жасы   К-1кв.м/сағ жұмсалатын энергия көлемі (НА)
Ер адамдар Әйелдер
ккал кДж ккал кДж
  16 - 18 18 - 20 20 – 30 30 - 40   43,0 41,0 39,5 39,5   180,0 171,5 165,3 165,3     40,0 38,0 37,0 36,5   167,4 159,0 154,8 152,7  

 

Бұл 1 сағат ішіндегі 1 кв.м. дене бетінің аумағына шығындалатын энергияның көлемін көрсетеді. Осы санды анықталған дене бетінің көлеміне (S-кв.м) көбейтеді. Бір тәулік ішіндегі НА-ды анықтау үшін бұл санды 24 сағатқа көбейту керек:

НА = К х S х 24 =

Жоғарыда көрсетілген әдістерді қолданып, бірнеше адамдардың НА көрсеткіштерін салыстырып, төмендегі кеcтеге енгізу керек (12- кесте).

 

12 - кесте

Аты, жөні Жасы Сал-мағы Бой ұзын-дығы Негізгі алмасу  
таблица бойынша Г-Б форм. бойынша Рид форм. бойынша
1. 2. 3...   7.            

 

Негізгі алмасудың көлемін 1 кг дене салмағына немесе 1 кв.м. дене бетінің көлеміне, 1 сағатта немесе 1 тәулікте жұмсалатын ккал-мен (кДж-мен) белгілейді. Орта бойлы және 70 кг салмақты, орта жастағы ер адамда сағатына 1 кг салмаққа НА-дың мөлшері - 4,19 кДж (1 ккал) немесе тәулігіне 7100 кДж (1700 ккал) болады. Осындай салмақты әйелдерде бұл көрсеткіш шамамен 10% төмен болады. НА-дың шамасы (1 кг салмағына) 14 жасқа дейінгі балаларда, ересек адамдармен салыстырғанда 1,5-2,4 есе жоғары.

Дәрігерлік практикада НА-ды қалқанша, жыныс бездерінің және гипофиздің қызметтері бұзылғанда диагноз қою үшін пайдаланады.

 

Ересек адамдардың жынысына, дене салмағына, бой ұзындығына және жастарына сәйкес НА-дың (ккал) көрсеткіштері.

 

13- кесте

Ер адамдар (НА, ккал) Әйелдер (НА, ккал)
Салмағы кг 18-29 жас 30-39 жас 40-59 жас Салмағы кг 18-29 жас 30-39 жас 40-69 жас
               
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                               

 

Осы көрсетілген кесте бойынша адамның тәуліктегі жалпы энергиялық шығынын есептеп шығаруға болады. Ол үшін адамның жасына және салмағына сәйкес келетін НА-дың шамасын оның дене қимылының белсенділік коэффициентіне (ДҚБК) көбейтеді. ДҚБК-і адамның мамандығына, еңбек түрлеріне байланысты (14- кесте).

14- кесте

Ер адамдар Әйелдер
Еңбек топтары ДҚБК Еңбек топтары ДҚБК
I II III IV V 1,4 1,6 1,9 2,2 2,4 I II III IV - 1,4 1,6 1,9 2,2

 

3. Адамның тәуліктік энергия шығынын анықтау.

Әр адам өзінің бір жұмыс күніндегі энергиялық шығынын анықтау үшін арнаулы кестелерден алынған мәліметтерді төменгі кестеге толтырып есептейді.

 

  Жасалған әрекет түрі Сағатына 1 кг салмаққа, ккал Сал- мағы (кг) Сағатына дене салмағы на, ккал Уақыт (сағ) Энергия шығыны, ккал
           
Мысалы: 1. Ұйықтау 2. Отырып тынығу 3. 4...   0,93 1,2     0,93 х 60 1,2 х 60   0,5   446,4 ?

 

Осы кестеден есептелген энергия шығынына анықталған НА-дың 15% -ті қосылады. Сонда адамның бір тәуліктегі энергия шығыны табылады.

 

4. Адамның тамақтану мәзірін (рационын) құрастыру және оның қуаттық тиімділігін бағалау.

Ұтымды тамақтану адамның денсаулығын сақтауды, жоғары қарқынды еңбек атқаруды, ал балалар организмінің әрі қарай дамуын және дұрыс өсуін қамтамасыз етеді.

Тамақтану мәзірін жасау үшін белгілі шарттарды ескеру керек:

а) оның тәуліктегі энергия шығынын қамтамасыз етуі;

б) тағам құрамындағы белоктар, майлар, көмірсулардың жеткілікті болуы;

в) белоктар, майлар және көмірсулардың мөлшері өзара белгілі қатынаста болуы тиіс (мысалы 1:1:4).

г) белоктардың 30%-ті жануарлар белогынан, ал майлардың 25% - өсімдік тектес майлардан болуы;

д) тамақта минералды тұздар, витаминдер және тағамдық талшықтардың жеткілікті болуы;

е) тамақтану мерзімі тәулік ішінде дұрыс бөлінуі қажет.

Тамақтанудың физиологиялық қалыпты мөлшері жынысқа, жасқа, бой ұзындығына, дене салмағына, ауа райына, тұрған жеріне және еңбек түріне тәуелді болып өзгереді.

Әр адам өзінің бір күнде ішетін тамақ мөлшерін және оның құрамын анықтап, тамақтану мәзірін жасауы керек. Оның қорытынды нәтижесін төмендегі кестеге енгізеді.

16- кесте

Тамақтану режимі Тағамдардың аты Салмағы (г) Тағам құрамындағы   Қуаты (ккал)
Б М Кс
Таңғы ас 1. 2. 3.          
Түскі ас 1. 2. 3. 4. 5.          
Кешкі ас 1. 2. 3.          
Қорытынды: + + + + +

 

Дайын тағамдардың аттары, мөлшері, олардың құрамындағы белоктар (Б), майлар (М), көмірсулар (Кс) және организмге берілетін қуаттық бағасы (ккал) арнаулы таблицадан алынады.

Кестені толтырғаннан кейін тәуліктегі тамақтану мәзірін бағалау керек:

1. Бір тәулік ішіндегі тамақтанудың жалпы калориялық тиімділігі;

2. Әр тамақтану мезгіліне байланысты калория мөлшері;

3. Тамақтану мәзірінің калориясының энергия шығынына сәйкестігі;

4. Тамақтану мәзіріне кіретін Б., М., Кс. мөлшері және олардың қалыпты жағдайға сәйкестігі

 

Ересек адамның әртүрлі жұмыстық белсенділігіндегі энергия шығынын көрсететін арнаулы кесте.

17- кесте

Жасалған әрекет түрлері Энергия шығыны (ккал/сағ)  
ер адамдар әйелдер
1.Ұйқы 2.Отырып тынығу 3.Тұрып тынығу 4.Жуыну,киіну (таңертеңгі туалет) 5.Үй ішіндегі жүріс (қозғалыс) 6.Даладағы баяу жүріс (қыдыру) 7.Калыпты темппен жүру 8.Көлікте жүру (автобус,троллейбус) 9.Тамақ дайындау, бала бағу 10.Тамақтану 11.Лабораториялық жұмыс істеу 12.Сабақ арасындағы үзіліс 13.Сабаққа дайындалу, оқу 14.Үй шаруашылығындағы жұмыс 1,0 1,2 1,4 1,8 2,5 2,8 3,2 1,7 2,2 1,5 1,9 2,8 1,6 3,3 1,0 1,2 1,5 1,8 2,4 3,0 3,4 1,5 2,2 1,7 1.8 2,5 1,6 3,3

 

 

ДЕНЕ ТЕМПЕРАТУРАСЫНЫҢ РЕТТЕЛУ МЕХАНИЗМДЕРІ

 

1. Дененің әртүрлі бөлімдерінің және ішкі мүшелердің температурасын анықтау (термометрия).

Дәрігерлік практикада дене температурасын өлшеу үшін әртүрлі қабылдағыштармен жабдықталған сынапты және электрлі термометрлер қолданылады.

Қалыпты жағдайда дене температурасын қолтықтан, ауыз қуысынан, тік ішектен және шаптан өлшейді. Тік ішектің температурасы, басқа жерлерге қарағанда, тұрақты және жоғарылау болады. Ауыз қуысының температурасы да тұрақты деп саналады, бірақ оның мөлшеріне тыныс алудағы ауаның температурасы, ыстық және суық тағамдар әсер етеді. Қолтықта термометр 10-15 минут тұрса, оның көрсеткен температура шамасы тұрақты болып саналады.

Қалыпты жағдайда адамның тік ішегінің температурасы - 37,1°-37,7° С; ауыз қуысының - 36,8°-37,3°; қолтық асты температурасы - 36,5°-36,8° С болады. Дене температурасының ең жоғары көрсеткіші 10-12 және 16-18 сағат аралықтарында байқалады. Бұл дене температурасының тәуліктік ырғағы болып саналады.

Жұмысты орындау: Зерттелуші адамға сынапты немесе электрлі термометр қолданып, тері бетінің әр жеріндегі дене температурасын анықтайды. Бұл тәжірибені бірнеше адамға жасап, олардан алынған керсеткіштерді өзара салыстырады. Жасалған тәжірибенің нәтижесін төменгі кестеге енгізіп талдау керек.

 

18- кесте

    Дене бөлімі   Тері бетінің температурасы (°С)  
1-ші адам 2-ші адам 3-ші адам 4-адам
1. Қолдың сыртқы беті 2. Алақан 3. Мойын 4. Маңдай 5. Қолтық асты        

 

Дене температурасы сау және ауру адамның организміндегі жылудың

түзілуі мен берілуін бейнелейді, ал оның дннамикасы гипер- және гипотермиялық ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді.

 

2. Қарқынды жұмыс пен қоршаған ортадағы температуралық өзгерістердің тер шығуына тигізетін әсері.

Жұмысты орындау: Тәжірибеге екі адам қатысады. Бірінші зерттелушінің екі алақанына Минор ерітіндісі (оның құрамында иод бар) жағылады. Алақаны кепкеннен соң оның үстіне құрғақ мақтамен крахмал себіледі. Шамалы уақыт ішінде (3-5 мин) алақаннан тер шықса, терінің түсі өзгеріп, көкшіл дақтар пайда болады. Себебі себілген крахмал Минор ерітіндісінің құрамындағы иодпен қосылады да терінің түсін өзгертеді.

Қалыпты жағдайдағы тердің шығу уақыты анықталады. Сонан кейін зерттелуші 30-40 рет отырып-тұрып, организмге жүктеме береді. Осы жасалған жүктемеден кейінгі өзгерістерге көңіл бөліп, қорытынды жасалады.

Екінші зерттелуші жоғарыда көрсетілген әдісті қолданып, қалыпты жағдайдағы тердің шығуын анықтайды. Сонан кейін ол бір алақанын ыстық су (t + 60- 65° С) құйылған ыдысқа, екіншісін - суық су (t - 4-10° С) құйылған ыдысқа тигізеді. Осы жағдайлардағы алақаннан тердің шығу уақыты белгіленеді. Бұл тәжірибе қоршаған ортадағы температуралық өзгерістердің тер шығуына тигізетін әсерін көрсетеді.

 

НЕСЕП ТҮЗІЛУІ МЕН ШЫҒАРЫЛУ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

 

1. Бүйрек қызметін клиникалық және физиологиялық әдістермен зерттеу негіздері.

Клиникалық практикада бүйректің су шығару және концентрациялау қызметін зерттеу әдістері кеңінен пайдаланылады.

а) Араластыру сынамасы (сумен сынама жасау). Бұл сынама бойынша организмнен бүйректің шамадан артық суды жедел шығару қабілеті анықталады. Ол үшін адамға, ашқарында, 30-40 мин аралығында 1 л су ішкізеді. Сонан кейінгі 4 сағат бойы әрбір жарты сағат сайын оның несебін жеке порциялап жинайды да, жалпы мөлшерін анықтайды.

Қалыпты жағдайда дені сау адам орташа шамамен 2 сағат ішінде 1 л суды шығарады. Мұндай несептің салыстырмалы тығыздығы (меншікті салмағы) 1,001-1,002 дейін, ал осмолярлық көрсеткіші 58-64 мосмоль/л дейін төмендейді.

Бұл сынамадағы бүйректің суды шығару қабілетінің бұзылуы, оның капилляр шумағындағы сүзіліс процесінің төмендеуімен қатар, ішкі сөлініс қызметінің ауытқуына байланысты, әсіресе альдостерон және диурезге қарсы гормонның (АДГ) деңгейіне.

б) Фодьгард сынамасы (құрғақ тамақтандыру). Бұл әдіс бүйректің концентрациялау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.

Сыналушы адамға 24 сағат ішінде жануарлар белогімен көбірек толықтырылған, құрғақ (сусыз) тағам ішкізеді де, жеке порциялап жиналған несептің мөлшері мен салыстырмалы тығыздығы анықталады.

Бүйректің қалыпты концентрациялау жағдайында несептің жеке порциялық мөлшері 30-40 мл дейін азаяды, тәулігіне 300- 600 мл несеп шығарылады, салыстырмалы тығыздығы 1,027-1,032 дейін, ал осмолярлық көрсеткіші- 900-1200 мосмоль/л дейін жоғарылайды.

Бүйректің концентрациялау қабілетінің төмендеуі (бұзылуы) оның түтікшелеріндегі патологиялық жағдаймен және басқа да бүйректен тыс түрткілермен байланысты болуы мүмкін.

в) Питуитриндік сынама - концентрациялау сынамасының бір түрі болып саналады.

Адамға, диурезге қарсы белсенді гормон - питуитринді (5,0) егіп, несептің бірнеше сағаттық порцияларын жинайды. Мұндай сынамадан кейін, қалыпты жағдайда, шығарылатын несептің мөлшері азаяды, бірақ оның салыстырмалы тығыздығы 1,024 дейін, осмолярлық көрсеткіші 800-1200 мосмоль/л дейін жоғарылайды.

Сынаманың теріс нәтижесінің де, нефрон түтікшелерінің соңғы бөліміндегі, концентрациялау қызметінің бұзылу процестерін анықтауда маңызы бар.

г) Зимницкий сынамасы. Басқа әдістермен салыстырғанда, бұл сынаманың артықшылығы - адамның үйреншікті тіршілігі мен тамақтану жағдайындағы бүйректің бейімделіс қызметін зерттеуге мүмкіндік береді.

Бұл сынама кезінде тәулік ішінде әрбір 3 сағат сайын адамның несебін жинайды. Сонан кейін әрбір порциядағы несептің мөлшері, салыстырмалы тығыздығы анықталады, күндізгі және түнгі несептің шығарылуы (диурез) бөлек есептеліп шығарылады.

Қалыпты жағдайда осы сынамадан кейінгі несептің порциядағы көлемі 50-300 мл, тығыздығы 1,010-1,025 (ауытқуы 0,007 дейін), осмолярлық деңгейі 600-800 мосмоль/л, ал күндізгі диурез түнгіге қарағанда жоғары болады.

Зимницкий сынамасы бүйректің концентрациялау қабілетін сипаттайды.

д) Тазарту коэффициентін (клиренсті) есептеу.

Бүйректің қан плазмасын кейбір заттардан тазарту қабілетін гемо-ренальдық клиренс деп атайды. Кез келген заттың клиренсін (С) анықтау үшін осы заттың плазмадағы (Р), несептегі (U) мөлшерін және белгілі уақыттағы (1 минут) шығарылатын несеп көлемін (V-минуттық диурезді) білу керек.

U

Клиренстің (С) формуласы: С = — х V;

Р

Бүйректің сүзіліс қызметі оның түтікшелерінде қайта сіңірілмейтін және тек қана сүзіліс арқылы шығарылатын заттардың тазарту коэффициенті бойынша анықталады. Осындай заттарға инулин мен креатинин жатады. Инулиннің (фруктозаның полисахариды, молек.салмағы 5000) тазарту коэффициенті сүзіліс мөлшері немесе стандарт ретінде алынады. Оның клиренсі 125 мл/мин/кв. м тең.

Сондықтан, қандай да бір заттың клиренсі осы саннан жоғары болса, онда ол зат қаннан тек шумақтар арқылы сүзіліспен ғана емес, сонымен бірге ол түтікшелерде сөлініс бойынша бөлінеді (мысалы: диодраст).

Ал егер заттың клиренсі 125 мл/мин төмен болса, онда осы заттың едәуір бөлігі капилляр шумақтарындағы сүзілістен кейін түтікшелерде қайтадан сіңіріледі (мысалы глюкоза, оның клиренсі 0 мл/мин).

Практика жүзінде бүйректің сүзіліс - қайта сіңірілу клиренсін есептеп шығару эндогенді креатинин және инулин бойынша жасалады. Креатининнің сүзіліс мөлшерін анықтау формуласы:

Uкр

Скр = ------------------ х V

Ркр

Мұнда Uкр - несептегі мөлшері, Ркр-плазмадағы мөлшері; V - минуттық диурез.

Қалыпты жағдайда креатининнің сүзіліс мөлшері 100 мл/мин (Е. М. Тареев, 1950.).

Бүйрек түтікшелеріндегі креатининнің қайта сіңірілуін анықтау формуласы:

Скр - V

R = ----------------- х 100

Cкр

мұнда Скр-креатининнің клиренсі; V -минуттық диурез.

Қалыпты жағдайда креатининнің қайта сіңірілуі 97-99%- ке тең болады.

Есеп: Креатинин мен инулиннің берілген шамалары бойынша бүйректің сүзіліс және қайта сіңірілу клиренсін анықтау керек:

1. Ркр = 0,002 мг%, Uкр - 0,072 мг%, V - 1,8 мл/мин.

2. Рин - 0,093 мг%, Uин - 3,56 мг%, V - 4,5 мл/мин.

Есептелген көрсеткіштер шамасы қалыпты жағдаймен салыстырылып бағаланады.

Түтіктік сөлініс клиренсін анықтау.

Нефрон шумағында белгілі заттар сүзіліп қана қоймайды, бүйрек түтікшелерінде кейбір заттар (диодраст, фенолрот, пенициллин, парааминді гиппур қышқылы (ПАГ) бөлініп сыртқа шығады (секрециялану арқылы). Бұл заттар аралас клиренс тудырады: сүзілу-қайта сіңу, сүзілу-сөлініс. Мұндай клиренстер арқылы бүйрек қызметіне жалпы баға беруге болады, бірақ оның жекелеген қызметін анықтау мүмкін емес.

Қуықты несептен толық босатып, көктамырға 6 мг фенолрот енгізеді. Әр сағат сайын алынған 2 порция несепті бөлек ыдыстарға жинайды. Әр несеп порциясындағы шығарылған фенолроттың мөлшерін анықтайды.

Қалыпты сөлініс кезінде бірінші сағаттағы несеппен 40-60% бояу, ал 2 сағат ішінде фенолроттың 60-80% -ы сыртқа шығарылады. Сөлініс қызметі төмендегенде бояудың шығарылуы нашарлайды және оның көп пайызы екінші порция несеппен шығарылады.

ПАГ пен диодраст көмегімен түтіктік сөліністі анықтау үшін, алдын ала ПАГ пен диодрастың қанда жоғары концентрациясы (15-20 мг%-тен жоғары) қалыптастырылады да, осы заттардың минут ішіндегі жалпы шығарылу көлемі мен шумақтан сүзіліске ұшыраған көлемінің айырмасы алынады. Диодрастың максималды қалыпты көрсеткіші 51,8 ± 8,7 мг/мин. тең.

 

2. Несеп шығарылуына қабылданған су мөлшерінің әсері

Бұл жүмыс көрнекті тәжірибе ретінде 4 ақ тышқандарға жасалады. Сулы жүктеме ретінде барлық тышқандардың іш құрсағына 0,3% - 1,5 мл NаСІ егіледі.

Тәжірибедегі екі тышқандарға (20 г дене салмағына) 0,08 мл питуитрин тері астына егіледі, 2 тышқан бақылауда болады. Сонан кейін тышқандарды мақта төселген (салмағы белгілі) шыны ыдыстың астына екеуден отырғызады. Бір сағат өткен соң, төселген мақтаны өлшеп, оның салмағы бойынша несеп шығару мөлшерін (сағаттық диурезін) анықтайды.

Тәжірибенің нәтижесі төменгі кестеге енгізіліп, қорытынды жасалады.

19 - кесте

  Тәжірибенің шарты Мақтаның алғашқы салмағы (г) Мақтанын 1сағ. кейінгі салмағы (г) Несеп мөлшері (мл)
1.Бақылау тышқандары(2) 1,5 мл-0,3% NаСІ      
2. Тәжірибе тышқандары (2) 1,5 мл-0,3% NаСІ+ 0,08 мл питуитрин      

 

Бұл тәжірибедегі питуитриннің несеп түзілуіне қарсы әсерінің механизмін түсіндіру керек.

 

ТАЛДАҒЫШТАР ФИЗИОЛОГИЯСЫ

 

1. Көру талдағышының қызметін зерттеу әдістері.

а) Көздің жітілігін (өткірлігін) анықтау.

Көздің анықтап қарайтын заттың өте ұсақ бөлшектерін жете айыру қабілетін көру жітілігі (өткірлігі) деп атайды. Оны көз айыра алатын, яғни біртұтас емес, бөлек көрінетін нүктелердің арасындағы ең кіші қашықтық бойынша анықтайды. Қалыпты көз бір тік бұрыш астындағы көрінетін екі нүктені айыра алады. Көздің өткірлігі торлы қабықтың орталығында- сары дақта өте жоғары болады.

Жұмысты орындау: Көздің жітілігі әр түрлі көлемді 12 қатар әріптерден немесе тұйықталмаған шеңберлерден тұратын арнаулы кестенің (Сивцев кестесі) көмегімен анықталады. Әрбір қатардың тұсында сан жазылады, ол қалыпты көздің осы қатардағы әріптерді дұрыс айыратын қашықтығының метрлік көрсеткіші. Бұл кесте жарығы жақсы немесе электр шамы жағылған бөлменің қабырғасына ілінеді.

Зерттелуші адамды, бір көзін арнаулы қалқаншамен жауып, кестеден 5 метр қашықтықта отырғызады. Сонан кейін адамға көрсеткіш таяқшамен көрсетілетін әрбір қатардағы әріптерді атауды сұрайды. Анықтауды жоғары қатардан бастап төмен қарай жүргізеді де, адамның 2-5 с ішінде әріптерді дұрыс және анық көретін қатарын табады.

Егер зерттелуші адам 10-шы қатардағы әріптердің бәрін анық көретін болса, оның көзінің жітілігі 1-ге тең болады, бұл қалыпты көру жітілігі. Егер көздің жітілігі басқаша болса, онда ол Снеленн формуласы бойынша есептеліп шығарылады.

d

V =- - - -,

D

мұнда V - көру жітілігі;

d - зерттелушінің кестеден тұрған қашықтығы (5м);

D - осы қатардың әріптерін қалыпты көзбен көретін қашықтық (ол сан әрбір қатардың сол жағында жазылған).

Осы әдісті қолданып екінші көздің де көру жітілігін анықтау керек.

б) Көз шалымын анықтау (периметрия).

Көзді бір нүктеге тоқтатқанда көрінетін кеңістікті көздің шалымы деп атайды. Көз шалымының шекарасын өлшеу үшін периметр (Форстер периметрі) деген аспап қолданылады.

Көздің шалымы әр алуан түстерге бірдей емес, ол түссіз заттарға өрісті келеді. Көк және сары түстерге ол әжептәуір кіші, қызыл түске одан да аз,ал жасыл түс үшін көздің шалымы сыртқа қарай тек 30 градусқа дейін жетеді.

 

Түрлі түсті тест-объекттермен 4 меридиандарда анықталған көз шалымының қалыпты шекарасы.

20- кесте

  Тест-объекттің түсі   Көз шалымының шекарасы (градус)
  Сыртқы   Төменгі   Ішкі   Жоғарғы
  Ақ (түссіз) Көк Қызыл Жасыл            

 

Адамның екі көзінің шалымы аз да болса да тең болады, оның кеңістіктің тереңдігін байқауға зор маңызы бар.

Жұмысты орындау: Зерттелуші адам иегін периметр штативінің тіреуіне қойып, жарыққа қарсы арқасын беріп отырады. Тіреудің биіктігін штативтің жоғарғы шеті көз алмасының астына дәл келетіндей етіп орналастыру керек. Сонан кейін зерттелуші периметрдің ортасында орналасқан ақ нүктеге бір көзін тігеді де, екінші көзін жұмады. Периметрдің доғасын көлденең қалыпта орналастырып, өлшеуді бастайды. Ол үшін соңында ақ таңбасы бар таяқшаны периметрдің ішкі бетімен 90 градустан (сыртқы жақтан) О-градусқа (ішкі жаққа) қарай баяу жылжытады да, зерттелушінің, көзін қозғалтпай қараған кездегі, осы белгіні алғашқы байқау бұрышын белгілейді, оны жазып алады.

Көз шалымының шекарасын дәлірек анықтау үшін периметрдің бірнеше меридианаларында анықтауға болады: көлденең (сыртқы және ішкі) және тіке (жоғарғы және төменгі). Сонымен қатар, ақ таңбалы таяқшаның орнына түрлі түсті таңбасы бар (көк, қызыл, сары, жасыл және т.б.) таяқшалар қолданып, осы әдіспен адамның түрлі түсті көз шалымын анықтауға болады.

Зерттеудің нәтижесі бойынша әр көздің шалым шекарасын анықтап, оның периметрлік бейнесін қалыпты жағдаймен салыстыру керек.

в) Түрлі түсті көруді зерттеу.

Кейбір түсті ажырату кемістігін, жартылай түсті танымау - тұңғыш рет осындай кемістіктен зардап шеккен ағылшын физигі Д. Дальтон сипаттап жазды. Сондықтан аса көп таралған түсті түйсіну аномалиясы (ауытқушылығы) осы ғалымның есімімен "дальтонизм" деп аталған.

Түсті ажыратуды анықтау үшін адамға түрлі түсті (полихроматикалық) кестелерді (Е.Б.Рабкин) көрсетеді немесе әр түсті заттардың ішінен түсі бірдей заттарды таңдап алуын тексереді. Зерттелуші адамға 1 м қашықтықтан 5 с ішінде жеке-жеке 25 таблица көрсетеді, ол әрбір таблицада қандай фигура немесе сан бейнеленгенін айту керек. Сонда қалыпты көруші және түрлі түсті ажырататын адам (трихроматтар) дұрыс анықтайды.

г) Аккомодация көлемін анықтау

Әр түрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін анық көру қабілетін аккомодация дейді. Аккомодация көз бұршағының жарық сындыру қабілетінің өзгеруі негізінде іске асады.

Жұмысты орындау: аккомодация мөлщерін анықтау үшін зерттелуші адам сыңар көзімен таблицадағы ең ұсақ шрифті оқи алатын ең жақын қашықтықты анықтайды да, формула бойынша аккомодация көлемін шығарады. А= 1/ L, мұндағы А- аккомодация мөлшері, L – метр өлшемімен көрсетілген шрифті оқи алу қашықтығы. Қалыпты жағдайда аккомодация мөлшері А= 1/ L=10 Д.

д) Сфералық аберрацияны көрсету

Көз бұршағының шетінен өткен сәулелер оның ортасынан өткен сәулеге қарағанда күштірек сынады. Мұны сфералық аберрация деп атайды.

Жұмысты орындау: сфералық аберрацияны байқау үшін бір көзді жұмып, екінші көзге саусақты немесе қаламды ол бұлдырап кеткенше біртіндеп жақындатады. Содан кейін көз бен заттың (қаламның) арасының дәл ортасына кішкентай ғана тесігі бар диаметрі 0,5- 1 мм қара қағазды қояды. Сонда тесік арқылы заттың бейнесі қайтадан анық көрінетін болады, себебі торлы қабыққа көз бұршағының ортасынан өткен сәулелер ғана түседі.

 

 

2. Есту талдағышының қызметін зерттеу әдістері.

а) Дыбыстың ауа және сүйек арқылы берілуін зерттеу (Вебер және Риннэ тәжірибелері).

Вебер тәжірибесі. Дыбыстың сүйек арқылы өтуін анықтау үшін дыбыс шығарып тұрған камертонды (128 Гц-тік) адамның төбе сүйегінің ортасына қояды. Сонда дыбыстың екі құлақпен бірдей естілетіндігі байқалады. Сосын бұл тәжірибені адамның бір құлағын мақтамен тығындап қойғаннан кейін қайталайды. Осыдан кейінгі дыбысты қабылдау өзгерісін түсіндіру керек.

Риннэ тәжірибесі. Бұл тәжірибе дыбыстың ауа және сүйек арқылы өтуін салыстыру үшін жасалады. Самай сүйегінің еміздік тәрізді өсіндісіне дыбысы шығып тұрған камертонды қояды. Сонда зерттелуші адам, камертон қойылған жақтағы құлағымен, бірте-бірте баяулайтын дыбысты естиді. Дыбыс толығынан жоқ болған кезде (зерттелушінің айтуы бойынша), камертонды тікелей құлаққа жақындатады, сонда адам дыбысты қайтадан естиді. Дыбыстың ауа арқылы берілуі әр құлаққа бөлек анықталады.

б) Аудиометрия - құлақтың есту өткірлігін анықтау әдісі.

Аудиометр- магнитофоннан, аудиометриялық қосымша, ауа және сүйек арқылы өткізгіштік телефондары, бақылау телефоны, стандартты сөздер жазылған тексті бар магнитофон таспасынан тұратын аспап.

Адамның құлағы диапазоны 16 - 20000 Гц арасындағы дыбыс тербелістерін қабылдайды. Соның ішінде 1000- 3000 Гц тербелістерге өте күшті сезімтал болады, себебі бұл дыбыс адамның дауысына сәйкес келеді.

Есту талдағышының сезімталдығы әсер ететін дыбыстың есту түйсігін тудыратын ең аз шамасымен, яғни естілу табалдырығымен, бағаланады. Сондықтан құлақтың есту өткірлігін анықтау үшін клиникада аудиометрия әдісі қолданылады. Аудиометрдің көмегімен дыбыстың жиілігін (100-ден 10000 Гц дейін) және күшін (0-ден 100 дБ дейін) дәл белгілеп беруге болады.

Жұмысты орындау: Зерттелуші адам аспаптан біраз қашықтықта отырады да, ауа арқылы өтетін телефонның құлақ талдағыштарын киеді. Аудиометрлік қосымшада дыбыстың ең аз қарқындылығын белгілейді де, сыналушы адамнан естіген сөздерін қайталап айтуын сұрайды. Таспа қозғалысы басталғаннан зерттелуші адам екі- үш сөзді қатарынан дұрыс қайталағанша дыбысты біртіндеп күшейтеді. Бұл кезде аудиометриялық қосымшадағы дыбыс қарқындылығы индикаторының көрсеткіші есту қабілетінен айырылу дәрежесін көрсетеді. Сыналушы адамның есту талдағышының жағдайын сипаттау үшін әрбір дыбыс тербелісінің жиілігіне сәйкес келетін естілу табалдырығын анықтап, аудиограмманы сызып шығарады. Адамның есту қабілетінің кемістігін анықтау үшін жазылып алынған аудиограмманы қалыпты еститін адамның аудиограммалық көрсеткішімен салыстырады (43-сурет).

Бұл аудиограммадағы абсцисса - дыбыстың биіктік деңгейін (125-тен 10000 Гц дейінгі), ал ордината - дыбыстың қаттылығын (10-нан 110 дБ дейінгі) көрсетеді. Дыбыстың қаттылығы сыналушы адамның есту қабілетінің, қалыпты еститін адаммен салыстырғанда, төмен немесе қалыпты екендігін анықтауға мүмкіндік береді.

Құлақтың есту өткірлігі (дыбыстың естілу табалдырығын) әр құлаққа жеке анықталады.

 

3. Сипап сезудің (түйсіну) табалдырығын анықтау.

 

Теріде орналасқан көптеген қабылдағыштар сипап сезуге, яғни сыртқы орта тітіркендіргіштерінің әсерін түйсінуге мүмкіндік береді. Сипап сезудің табалдырығын анықтау эстезиометрия әдісімен (Вебердің циркулімен) жасалады. Бұл әдіс неврологияда терінің әр жерінің сезімталдығын анықтауда кеңінен қолданылады.

Жұмысты орындау: Көзін жұмып отырған адамның терісінің белгілі бір жеріне Вебер циркулінің ұштарын бірдей тигізеді де, қанша нүктенің тері бетінде сезілетіндігін сұрап анықтайды. Бұл кезде циркулдің аяқшаларының ара қашықтығы 1 мм-ден аспауы керек. Сонан кейін циркулдің аяқшаларының арасын бірте-бірте ұлғайтып, терінің әр жеріне тигізеді. Сонда адамның осы циркулдің екі ұштарының жанасуын бірдей сезіну қашықтығы – сипап-сезу табалдырығын көрсетеді.

Эстезиометрия әдісі бойынша тері бетінің әр түрлі учаскелерінің сезімталдығын анықтап, салыстыру керек (21- кесте).

 

  Тері аймағы   Сипап сезудің бастапқы шегі (мм)
Саусақ ұштары Алақан Қолдың сырты Білек Мойын Арқа  

 

Тәжірибелік зерттеу бойынша анықталған дене терісінің кейбір жерінің сезімталдық табалдырығы мынадай:тіл ұшы - 1,1 мм;, ерін - 2,2 мм; мұрын ұшы - 7 мм; алақан ортасы - 9 мм; қолдың сырты - 31 мм; арқа терісі - 54 мм және т. б.

 

4. Дәм сезудің табалдырығын анықтау.

 

Дәм қабылдағыштары - дәм сезу баданасы тілдің түпкі жағының, жұмсақ таңдайдың, тілше мен жұтқыншақтың кілегейлі қабықшасында орналасқан. Олар тілдің ұшында, екі бүйірінде және түпкі жағында көп кездеседі. Дәм сезу қабылдағыштары төрт түрлі дәмді сезеді: тәтті, ащы, қышқыл және тұзды. Сондықтан дәм сезудің табалдырығын анықтау үшін әрбір дәмді заттардың әр түрлі концентрациялы (0,001%; 0,01%; 0,1%; 1%-тік) ерітінділерін алдын ала даярлайды.

Жұмысты орындау: Көзін жұмып отырған адамның тілінің ұшына (оған тигізбей), ең кіші концентрациялы ерітіндінің бір-екі тамшысын пипеткамен тамызады да, қандай дәм сезгенін сұрайды. Егер зерттелуші адам бұл дәмді дұрыс сезбесе, келесі концентрациялы ерітіндісін тамызады.

Сөйтіп адам осы дәмді дәл анықтағанша, ерітінді концентрациясын жоғарылата береді. Сонда дәмі дәл анықталған ерітіндінің ең кіші концентрациясы - дәм сезудің табалдырығын көрсетеді.

Осылай бір дәмді ерітіндімен анықтау тәжірибесін болғаннан соң, зерттелуші ауызын сумен шайып, келесі ерітінділердің дәмін анықтауды жүргізеді.

Әр түрлі дәм сезудің анықталған нәтижесін төмендегі кестеге енгізіп салыстыру керек.

22-кесте

  Заттар   Дем сезудің табалдырығы, ерітінді концентрациясы
Тәтті Кышқыл Ащы Тұзды    

 

 

5. Иіс сезудің табалдырығын анықтау (ольфактометрия).

Ольфактометрия- белгілі иісті заттарға иіс сезудің табалдырығын анықтау әдісі. Иіс сезудің табалдырығы деп иісті сезіну түйсігін қалыптастыратын мұрын арқылы жіберілген иісті заттардың буының ең аз мөлшерін айтады.

Иіс сезу табалдырығын ольфактометр көмегімен анықтайды.

Жұмысты орындау: Ольфактометрді иісті затпен толтырады. Түтік арқылы шприцтің көмегімен 1-2 мл ауа жібереді. Герметикалық жабық ыдыста жоғары қысым қалыптасады. Содан кейін кіргізуші кранды жауып, сыналушының бір танауына тесігі бар оливаны, екіншісіне- тұтас оливаны енгізеді.Экспериментатордың айтуы бойынша сыналушы тынысын тоқтатады да, осы кезде кіргізуші кранды ашып, мұрын қуысына иісті заттың минимальды порциясы енеді. 2 секунд өткен соң оливаны шығарып, сыналушыдан иісті сезді ме сұрайды. Егер сезбеген болса, 1-2 мл –ге көбейте отыра тәжірибені қайталайды. Иіс сезудің табалдырығы иісті сезіну түйсігін қалыптастыратын мұрын арқылы жіберілген иісті заттардың буының ең аз мөлшерімен анықталады.

Иісті зат Иіс сезу табалдырығы (миллилитр)
1.  
2.  

Әртүрлі иісті заттардың табалдырығын анықтап, кестеге енгізіп, өзара салыстыру қажет.

 

6. Ауырсынуды зерттеу әдістері

Ауырсыну тітіркендіргіштерін зерттеу әдісін алгезиметрия деп атайды. Алгезиметр аспабының көмегімен ауырсыну рецепторының табалдырығы анықталады. Алгезиметрдің корпусында 0-ден 5- мм дейінгі диапазондағы шкаласы және 50 бөлікке бөлінген нониустарымен бірге айналмалы басы бар. Айналмалы басын бір бөлікке айналдырғанда инесі 0,01 мм шығады, толық бір айналым кезінде – 0,5 мм. Алгезиметрді зерттелетін нүктеге орналастырып, оған түсіретін қысымды ауырсыну сезімі пайда болғанға дейін ұлғайтады. Анықталған ауырсыну табалдырығын алгезиметр шкаласының өлшем бірлігімен көрсетіледі. Терінің ауырсыну табалдырығы білезік буынында 0,26-0,38 мм, табанда- 0,3-0,46 мм.

Клиникалық практикада ауырсыну сезімталдығы неврологиялық балғашықтағы иненің көмегімен анықталады, бірақ бұл тек ауырсыну сезімталдығы туралы нақты мағлұмат бермейді.

 

7. Қимыл – қозғалыстың дәлдігін зерттеу

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.064 сек.)